Біз - Рамазанның қонағымыз
Біз - Рамазанның қонағымыз

Біз - Рамазанның қонағымыз

Айлардың сұлтаны - Рамазан айының босағасындамыз. Оның табалдырығын аттағалы тұрмыз. Мұсылмандар бейне бір сұлтанның сарайына кірердей дайындалуда. Жомарт сұлтанның жомарттығынан (кеңпейілдігінен) үміт етіп, зәулім сарайға асығуда. Сұлтанға деген құрметтерінен болса керек, ешқайсысы құр қол кіргелі тұрған жоқ. Әрқайсысының шама шарқы жеткенше әзірлеген сыйлықтары бар. Сұлтанның құзырында әбестік жасау жараспас деп, киімдерін, ішкі-сыртқы келбеттерін жөнге салуда. Оның айбатынан именгендіктен болса керек, сарайда айтар сөздеріне дейін алдын ала ойланумен әлек.

Алпауыт сарайдың кеңдігі мен тыныштығында сөз жоқ. Іші толған қазына. Бар әсемдік осы жерге жиналғандай. Тіпті адамның жаны жай табатын жалғыз жер осы ма дерсіз. 

Меймандар өздеріне берілетін қонақ кәдесінен де дәмелі. Кәде демекші, қолы ашық сұлтанның кеңдігінен бе екен, қонақтардың тәніне бір кәде, жаны мен рухтарына бөлек сый тарту етілмек. Әр сыйдың берілетін уақыты мен тәртібі әр түрлі. 

Қонақтар бір жағы рухани сергу үшін, бір жағы жүрек төрінен орын алған сұлтан сарайында әдепсіздікке жол бермеу үшін ақыл мен рухтың жаңғыруына кедергі жасап, бөгет болатын істерден сақ жүруде. 

Жүректің салтанат құруына тосқауыл болған арсыз құмарлықтарды тізгіндеуде. Барынша жан әлемін байытып, рухани азықтануда. 

Ерік-жігерлерін шыңдап, қайсарланып қайраттануда. 

Рухтарға қанат біткендей асқақтауда. 

Қыран құстай биікке самғаған сайын асыл мұраттарына қауышуда. 

Жаннаттың пырақ атына мінгендей алысқа шабуда. 

Бұл саяхат тек сарайға кіріп, сұлтанның пәрменімен ізгілер бақшасына жол тартқандар үшін ғана. Бұдан артық сый, бұдан артық ілтипат бола қоймас сірә !?

Жанмен қатар тәннің де рахаты осы сарайда. Кәусәр бұлағынан бастау алғандықтан болса керек, бұл сарайда ішілген әрбір жұтым судың өзі ерекше. Сарайдың бал татыған құрмаларын ешкім ешбір жерден көрмегендей. Сұлтанның таң сәрі мен ақшамдағы жомарттығын айтып тауысу әсте мүмкін емес. Раййан қақпасынан ескен самал желді айтсаңшы шіркін!? Бұдан асқан ләззат, бұдан асқан рахат бола қоймас деп тамсанысыңды жасыра алмайсың. 

Отыз күн осынау керемет сарайдың жанға жағымды тәртібіне бағынатындары қонақтардың қаперінен бір сәт шыққан емес. Өте сирек болса да бұл тәртіпті бұзғандар кездесіп жатса, өздерінің қонақ екенін айтып, бұл тәртіпті бұзуға ар-ұждандары жібере қоймайтындарын еске салып қоятындары тағы бар.

Отыз күн араласаң да таусыла қоймас қазына толы сарайдан әркім қарымы жеткенше көтеріп кететін таптырмас мүмкіндік. Осы бақытқа ие болғандар бұл сарайдан көргендерін алты ай дастан етіп жырлайтын болады. Тағы бір алты айдай уақыт бұл сарайға қайта айналып кіруге ынтызар болмақ.

Yergeldi YesdauletYergeldi Yesdaulet
4 жыл бұрын 2121
0 пікір
Блог туралы