Гигиена
“Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде” демекші, деніміз сау болуы үшін тазалық сақтаудың алар орны ерекше. Гигиена сақталуы керек басты жерлердің бірі ол ауыз қуысы. Ауыз қуысы - жиі тазалануы қажет жерлердің бірі. Өйткені ауыз қуысында жиналған тамақ қалдықтары тісте кариестің пайда болуына, оның шіруіне алып барады. Асқазан мен ас қорыту жолдарынан көтерілетін газдарды да ұмыт қалдыра алмаймыз. Сонымен қатар сыртқы ортадан адам организміне бактерия мен вирустардың кіретін негізгі тетіктерінің бірі ауыз екені белгілі. Осы сынды жайттарды ескерсек, ауыз қуысы гигиенасын сақтаудың қаншалықты маңызды екенін байқаймыз.
Пайғамбарымыздың (саллаллаху аләйхи уа саллам) күнделікті өміріне зер салатын болсақ, оның ауыз тазалығына қатты мән бергенін көре аламыз.
Бір күні әйгілі табиғин Шураих Айша анамызға барып Пайғамбардың үйге кіре салып бірінші немен шұғылданатынын сұрайды, сонда Айша анамыз оның ең бірінші ісі “Мисуак” қолдану екенін айтады. (Мүслім)
Адам түнгі ұйқыда жатқан кезде, сілекей қозғалыссыз тұрып қалады, тамақ қалдықтары ашып, бұжынай бастайды. Мейлі шалқасынан жатсын, мейлі бір жанымен жатса да адамның аузына асқазан газдары келуі мүмкін. Бәлкім, осы себептерге байланысты болса керек, Бухари мен Мүслім жеткізген хадисте мына жайт айтылады: “Шынында Пайғамбар (саллаллаху аләйхи уа саллам) түнде тұрса тісін мисуакпен ысқылайтын”. Ахмадтан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (саллаллаху аләйхи уа саллам): “Маған мисуактың көп әмір етілгені соншалық, ол маған парыз етіле ме деп қорықтым” - дейді. Бухари мен Мүслім жеткізген басқа бір хадисте “Егер үмбетіме машақатты болады деп қорықпағанымда, оларға әрбір намазда мисуак қолдануды әмір етер едім” - дейді. Басқа бір риуаятта “әрбір дәрет алғанда” деп келеді. Тағы бір маңызды факт - Пайғамбарымыздың (саллаллаху аләйхи уа саллам) Раббысының құзырына қауышар сәттегі ең соңғы ісінің бірі оның мисуак пайдалануы болатын.
Қорытындылай келе гигиенаның Сүннеттегі алар орнының айрықша екенін көреміз. Мұсылман үмбеті ретінде оны өзіміз ұстанып, басқаларға жеткізу біздің асыл борышымыз.