Еліміздің тәуелсіздігін жариялағалы міне, тура отыз жыл толып отыр. Тәуелсіздіктен кейін туылған жаңа бір ұрпақ та жетіліп үлгерді. Тарихымызды ұмытпай, болашағымызды бағдарлап, бүгінімізді саралап отыру әрқашанда керек-ақ. Дәл қазіргідей мамыражай заман қазақ тарихында бола қоймаған шығар, сірә?! Тәуелсіздік туы желбіреген мына заман жас буын үшін емін-еркін дамып жетілетін кезең. Елімізде адамның өзін дамытуы үшін барлық мүмкіндіктер бар. Бар болғаны әркімнің өзіне қажеті мен керектісін таба білуі керек. Қай жерде, қай елде болмасын, даму талпыныссыз болмайды. Тек алға ұмтылу қажет. Биік мақсаттар қойып, соның жолында аянбай тер төгу керек. Адам өз болашағын қалай елестетсе, түбі ол соған жетеді. Бүгінгі қиял – ертеңгі шындық. Ертеңгі нәтиже бүгінгі ниетке байланысты. Сондықтан бүгінгі ниетімізді түзетіп, болашағымызды мәнді етіп елестету өте маңызды. Ниетсіз, мақсатсыз амал ету соқырлыққа ұқсайды. Қайда және не үшін кетіп бара жатқанын түсінбейді. Ал тек ниет етіп, әрекетке кіріспеу – ақсақтық немесе шолақтыққа ұқсайды. Ойлаған ойы мен діттеген межесі болса да, оған жетуі екіталай.
Адамның өз болашағын анық елестетіп, оны іске асыру жолында мақсатты қарекет етуі – өзін дамытудың негізгі тетіктерінің бірі деп айтуға болады. Өз өмірін өзі қолға алуға тырысқан адам ғана саналы түрде өзін жетілдіруге кіріседі. Ол адам үшін әрбір сәт маңызды.
Тек өзімізді жетілдіріп қана қоймай, еліміз, отанымыздың дамуына үлес қосу баршамыздың азаматтық борышымыз екенін бір сәт те естен шығармауымыз қажет. Ал еліміз Қазақстанның дамуы үшін алдымен өзімізді дамытуға тиіспіз.
Аз уақыт ішінде тез дамып, биіктерден көрінген елдер жаһан тәжірибесінде аз емес. Солардың бір-екеуіне тоқтала кетсек. Екінші дүниежүзілік соғыстан Германия жеңіліс тапқан, өте әлсіреген күйде шықты. Экономикасы жермен жексен етілді. Алайда 25 жыл ішінде аяққа тұрып, тағы бір 25 жыл ішінде өз көршілерінен оқ бойы озып кетті.
Тура солай әлсіреген мемлекет Жапония болатын. Хиросима мен Нагасакиге атом бомбасының тасталуы, бүкіл Жапон экономикасының күлін көкке ұшырғанмен тең болды. Жапония да тура солай 25 жыл ішінде мемлекетті толықтай қалпына келтіріп, тағы бір 25 жыл ішінде ешкімді жеткізбей кетті десек болады. Осындай тез уақытта дамыған мемлекеттер мысалы әлемдік сахнада аз емес. Оңтүстік Корея, Сингапур, Малайзия және тағысын тағы. Бұл мемлекеттерге ортақ қасиеттің негізгісі ретінде адам ресурсына көп көңіл бөлгенін көреміз. Ортақ ұлттық ұран мен идеологияның жаңғырғанын аңғарамыз. Ұрпақ тәрбиесіне қатты мән беріліп, өскелең ұрпақтың санасына алға ұмтылуға деген жігер мен құлшыныстың сіңірілгенін байқаймыз. “Кайзен”, “икигай” деп, түпкі тамырларынан адаспай жарқын болашаққа қадам басуға баулыды. Осылайша “елу жылда ел жаңа” демекші, дамыған елдердің алғашқы легіне барып табан тіреді.
Еліміз Қазақстанның жағдайына оралатын болсақ, тоқсаныншы жылдардағы біздің жағдайымыз жермен жексен етілген Жапония мен Германиядан нашар болған жоқ, сірә. Осындай елдердің өткені мен бүгінінен алынған сабақ бізді қамшылай түсері анық. Тәуелсіздік алғалы бері де талай белесті бағындырғанымыз тағы бар. Қай салада болмасын, ілгерлеудің көріністері мен мұндалап тұрады. Әлі де кем-кетігімізді толықтырудамыз. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Ел болып, халық болып өз еліміздің дамуына әрқайсымыз үлес қосуға тырысатын болсақ, не бір шыңдардан көрінетінімізге сеніміміз кәміл. Әлихан Бөкейханов сынды қазақтың біртуар азаматтарынан қалған мынадай асыл сөздер бар:
“Тірі болсам қазаққа қызмет қылмай қоймаймын”.
“Ұлтқа қызмет ету - білімнен емес мінезден”.
Міне мына ұстанымдар - біздің қазақ жастарының негізгі ұранына айналуға тиісті. Қазіргі қазақтың бойынан табылатын жақсы мінезге, болмысынан көрінетін ұнамды қасиетке айналуы қажет. Осы ұранмен өмір сүрсек қана көшті артымызға қалдырамыз. Аз уақыт ішінде биік шыңдарды бағындарамыз.
Есдәулет Ергелді
Әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университеті,
Философия және саясаттану факультеті,
Дінтану және мәдениеттану кафедрасы,
“Исламтану” мамандығының
2-курс PhD–докторанты
Рысбекова Шамшия
философия ғылымдарының докторы,
Әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университеті,
философия және саясаттану факультеті,
Дінтану және мәдениеттану
кафедрасының профессоры