Орта Азия және қазақ топырағы сонау көне заманнан мәдениет пен өркениет ошағы болғандығы баршамызға мәлім. Ежелгі сақ-ғұн дәуірлерінен қалған «Алтын адам» сынды құнды жәдігерлерді айтпаған күннің өзінде Күлтегін, Орхон-Енисей жазулары бұның бірден-бір дәлелі болып табылады. Сонымен қоса, әлем мәдениеттері мен өркениеттерін байланыстырған Ұлы жибек жолының қазақ даласы арқылы өтуі де оның әрі қарай ілгерлеп дамуына зор ықпалын тигізді. Бұл тұста VII-VIII ғасырларда осы өңірлерге келіп жеткен Ислам дінінің рөлін тілге тиек етпеу мүмкін емес. Ислам діні келісімен түркі халықтарының көп бөлігі оны қабылдап қана қоймай, өз салт дәстүрлерімен ұштастырып, ұлттық саналарының қазығы етті.
Ислам дінінің кеңінен етек жаюы Орта Азия мен қазақ даласынан ғалым-ғұламалардың көптеп шығуына тікелей әсер етті. Ислам дін ретінде, мәдениет ретінде бұл өңірлерде кең тарауымен қатар ғылым ретінде, ғылымның кілті ретінде де көпшілік назарын аударды. Ғылымға бет бұру арқасында Орта Азия мен қазақ даласында өзіне тән ғылыми мектеп, ғылыми орта қалыптасты. Тіпті, Ислам діні мемлекеттік дін статусына да ие болды. Ал қалыптасқан ғылыми мектеп доктриналары осы мемлекеттердің ата заңы қызметін атқарды. Сол ханафи-матуридилік доктриналар Орта Азияда Саманилерден кейін билік құрған Қараханидтер (389-607/999-1211) мемлекетінің діни идеологиялық платформасын құрады. Қараханиттердің билігі Орта Азиядағы Мауараннахр мен Түркістан аймақтарын қамтыды. Мемлекеттің рухани-мәдени орталығы Самарқан мен Бұхара болды. Қараханидтер кезеңінде Самарқан, Бұхарамен қатар Орта Азия аймағының Узгент, Ахсикент, Касан, Марғинан, Қашқар, Баласағұн, Тараз және Исфижаб сынды өзге өңірлерінде де отырықшыл қала мәдениеті дамыды [1, б. 146-147]. Қараханидтер мемлекетін түркі қағанаттарының ішіндегі ислам дінін мемлекеттік ресми дін ретінде қабылдап, өте сауатты діни саясат жүргізген алғашқы мемлекет деп бағалауға болады. Қараханиттер кезеңінде көптеген ортағасырлық шығыс ханафи ғалымдары арасынан имам Матуридидің ілімі ерекше мәнге ие бола бастады.
Енді сол имам Матуриди ілімінің қара шаңырағы Мауараннахр мен Түркістан жерлеріне тоқталсақ:
«Мәуренахр» араб тілінен аударғанда «өзеннің арғы жағы» деген мағынаны білдіреді, яғни Амудария өзенінің арғы жағын мекен еткен халықтарға айтылады. «Мәуренахр» деп аталуы және кейін де осы атпен тарихта қалуының түпкі мәні мынада жатса керек:
Біріншіден, географиялық тұрғыдан алғанда Ислам халифатының негізгі орталықтары саналатын Бағдат, Басра, Дамаск қалалары тарапынан қарағанда Амудария өзенінің шығыс жағалауы өзеннің арғы жағы болып есептелуі.
Екіншіден, этнологиялық тұрғыдан алғанда бұл өңірді мекен еткен халықтардың көпшілігі түркі және парсы тектес халықтар болуында.
Үшіншіден, саяси-әкімшілік тұрғыдан алғанда өзеннің бер жағындағылар Аббаси халифатының толығымен қол астында болса, өзеннің ар жағындағылардың жартылай немесе кейбірінің толықтай тәуелсіз болуында.
Төртінші себебі әрі ең маңыздысы ғылыми тұрғыдан алғанда Мауараннахр өңірінің тұтастай ханафи құқықтық мектебімен қоса Мәтуриди сенімдік мектебін ұстануында. Мәтуриди сенімдік мектебінің негізгі ерекшелігі: Ислам дінінің басты қайнар көздерімен қоса өз зерттеулерінде рационалдық әдісті кеңінен қолдануларында, бұл дегеніміз ақыл мен нақылдың әр қайсысын өз орнымен, өз ретімен қолдана отырып екеуін бір-біріне қайшы келмейтіндей етіп ұштастыру.
Үлкен ғылым мен мәдениет орталығы болған Мәуренахр жерінің біршама бөлігі қазіргі Қазақстан территориясының оңтүстік аймағына тиесілі екені мәлім. Алайда араб әдебиеттерінде Мауаранахр деп тек шектеулі территорияны ғана емес, керісінше Амударияның солтүстігінде орналасқан барша ислам мемлекеттеріне берілген атау, бұл тұстан қарағанда Қазақстан территориясының барлығын жатқызуға болады. Өйткені, Мәуренахрда ғылым өте үлкен қарқынмен дамып отырған болса, еліміздің басқа өңірлері осындағы ғылымнан сусындап, нәр алып отырған.
Мәуренахр жерінен шыққан ғалымдар санының көптігі сонша, ешкім олардың санын кесіп айта алмайды. Тек Түркістан мен Фараб қалаларының озінен қаншама әл-Фарабилер мен ат-Туркистанилер шыққан.
Араб тілінде жазылған көптеген қолжазбаларда және басылып шыққан кітаптарда “ат-Туркистани” немесе “ат-Тарази” есімдері көптеп кездеседі. Есімізді жиып, іргемізді көтергелі сол ғалымдар мен олардың еңбектерін іздеп тауып, зерттеп зерделеп, оқырман назарына ұсыну біздің бабалар алдындағы асыл борышымыз болып табылады. Бұл зерттеулердің басы Құдайға шүкір басталып та үлгерді. Мысалы, “Хибатулла ат-Тарази және оның рухани мұрасы”, деген атпен жарық көрген Ә.Дербісәлі атамыздың еңбегін атап өтуге болады.
Хибатулла ат-Тарази Тараз қаласынан шыққан ханафи-матуриди ғалымы. Ол кісі Хазіреті Әбу Ханифа мен оның шәкірттерінің ақидасын яғни діни сенім-көзқарастарын жеткізген “Тахауи ақидасы” атты мәтінді кеңінен түсіндіріп, жазып қалдырған әйгілі матуриди ғұламасы.
Ал, әл-Фарабилерге тоқталар болсақ, ғалымдарымыздың айтуынша қазақ топырағы 30-дан астам ал-Фарабилерді тарту еткен екен. Олардың кейбірі қазіргі таңда зерттеліп, еңбектері қайта өңделіп қолымызға жетіп жатса, қол жазба күйінде архивтерде шаң басып жатқаны қаншама. әлФараби сөзі “Фараб” қаласынан яғни “Отырар” қаласынан шыққан деген мағынаны беретінін ескерсек, Отырар қаласының қаншалықты үлкен ғылым ордасы болғанын аңғару қиын емес. Бұған қоса Отырарда алып кітапхананың болғаны да сөзіміздің айқын дәлелі. Сол ғұламалардың бірі, әрі бірегейі Әбу Наср Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан әл-Фараби.
Әбу Наср әл-Фараби Ислам философиясының негізін қалаушылардың бірі, үлкен ойшыл, энцеклопедист ғалым. Оның қалам түртпеген саласы кемде-кем. Әсіресе, оның әлеуметтік және саяси тақарыптарда жазған “Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы” сынды трактаттары бүгінгі күнге дейін өз өзектілігін жоғалтқан емес. Қазіргі таңда Әбу Наср әл-Фараби мұрасы өзінің тарихи отанына оралып, Егемен Қазақстанның ұлттық брендіне айналып отыр.
Байқағанымыздай Орта Азия мен қазақ даласында ғылым мен мәдениет қоса дамып, әлемдік өркениеттің ілгерлеуіне үлкен үлесін қосқан. Ислам дінін толыққанды түсініп, тағылымдарына дұрыс амал етудің арқасында ешқандай діни теке-тірес орын алмаған. Керісінше, мәтуриди сенім мектебінің, ханафи құқықтық мектебінің аясында қой үстінде боз торғай жұмыртқалаған заман тудырып, тыныштық пен бейбітшілік саясында ғұмыр кешкен ата-бабаларымыздың ойларына діни алауыздық, экстремизм, терроризм, радикализм сынды теріс пікірлер кіріп те шықпаған. Өйткені олар Ислам дінінің ақиқатын терең түсініп, салғырт, үстіртін ойлаудан барынша аулақ-тын.
Біз де өз кезегімізде еліміздің іргесін биік қалап, өсіп-өркендейміз десек, елімізде орын алып жатқан түрлі қақтығыстардың алдын аламыз десек міндетті түрде ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы ұстанған мәтуриди сенімін толық зерттеп, оны барша әлеуметке, әсіресе жат ағымның ықпалына көнуге бейім жастар қауымына кеңінен насихаттауға тиіспіз. Сонда ғана елімізді радикализм, экстремизм, терроризм үрейлерінен аман алып қалмақпыз. Бейбітшілік пен ынтымақ орнаған жерде ғылым да, мәдениет те дамымақ. Ата-бабаларымыз ұстанған жолды мықтап қармансақ арамыздан Ибн Синалар, әл-Фарабилер, ат-Туркистанилердің шығуы да еш ғажап емес.
Сондықтан, рухани жаңғыруымыздың кілтін алыстан емес, төл тарихымыздың қойнауынан іздеуге тиіс екенімізді жадымыздан шығармағанымыз абзал. Бәрін айтта бірін айт демекші, мәтуриди сенім мектебі мен ханафи құқықтық мектебі сан ғасырлардан бері ата бабаларымыз ұстанған дәстүрлі Исламның негізін құрайтындықтан, Ислам дінінің құндылықтары мен оның әдептерін бұхара халыққа таныстыру - Тәуелсіз Қазақстанның рухани жаңғыру кепілі екендігін нық сеніммен айта аламыз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1) Муминов А.К. Ханафитский мазхаб в истории Центральной Азии. /под ред. Прозоров С.М. ‒ Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2015. 400с.
2)Әкімханов Асқар, Әбу Мансур әл-Матуридидің иман мәселелеріне қатысты ұстанымы («Китәб әт-тә’уиләт» атты еңбегі негізінде) Философия докторы (Ph.D.) ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертациясынан. Алматы, 2016