ИЫҰ дипломаттары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бас қосты
ИЫҰ дипломаттары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бас қосты

Ислам – әлемде ең көп таралған діндердің бірі. Ислам дінін ұстанушы мұсылмандардың саны қазіргі таңда 1,5 миллиардтың төңірегінде болса, халқының басым көпшілігі мұсылмандар болып келетін алпысқа жуық мемлекет бар. Осындай діні, дүниетанымы ортақ халықтың жоғын жоқтап, мәселелерін шешуде қолғабыс көрсетуге қауқары бар арнайы ұйым, басшылық қашанда керек-ақ. Ертеде мұндай қамқорлық қорғанын халифаттар атқарғаны мәлім, алайда Осман мемлекеті ыдыраған сәттен бастап, аталмыш міндет атқарусыз қалып отырды. 

1965 жылдан бастап бірқатар Ислам мемлекеттерінің инициативасымен ортақ   дөңгелек үстелдер өткізу, мұсылман мемлекеттердің басын қосу мәселесі көтеріле бастады. Осы бастама аясында 1969 жылы «Ислам конференциясы ұйымы» құрылды. Әлемнің 57 елін біріктірген Ислам конференциясы ұйымы БҰҰ-нан кейінгі ең үлкен әлемдік ұйым болып саналады. Ұйым өз шеңберінде 18 саламен қоса 107 нақты қадам төңірегінде жұмыс жасауда. Олардың көпшілігі «Әлемдік бейбітшілік пен қауіпсіздік», «Палестина және Иерусалим», «Кедейлік», «Терроризммен күрес», «Ғылым және технология», «Діндер арасындағы келісім» сынды өте өзекті мәселелерді шешуге бағытталған. 

Тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, ата заңымызды бекіткеннен кейін еліміз Қазақстан да, басқа посткеңестік мемлекеттер сынды 1995 жылы Ислам конференциясы ұйымының толық құқылы мүшесіне айналды. Еліміз өз кезегінде 2011-2012 жылдары аралығында осы ұйымға басшылық ету мәртебесіне ие болды. Бұл тарихи оқиға барысында Ислам конференциясы ұйымының атауын Ислам ынтымақтастық ұйымы деп өзгерту туралы шешім қабылданды.

Ислам ынтымақтастық ұйымының бірегей белсенді мүшесі ретінде, түрлі іс-шаралар мен жиындарды ұйымдастыруда, қонақжай халқымыз қолында барын еш аяған емес.

Солардың бірі ретінде қарашаның 12-14 аралығында ИЫҰ мүше елдерінің кезекті бағдарламасын тілге тиек етпесе болмас. Бағдарлама Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің дипломаттарына «Трансұлттық қауіп-қатерлер, терроризм және қауіпсіздік мәселелері» аясында баяндамалар жасалып, мұсылман елдерінің бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселелері тереңінен талқыланды. ҚР сыртқы істер министрлігі мен ИЫҰ бірлесіп ұйымдастырған бұл бағдарламаны өткізуді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жауапкершілігіне алып, жоғары деңгейде өткізді. 

Бағдарламаның ашылуында ҚазҰУ ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов, ҚР сыртқы істер министрлігі Азия ынтымақтастығы департаментінің бас директоры Әлібек Бақаев, ИЫҰ бас хатшылығына қарасты бейбітшілік, қауіпсіздік және жанжалдарды реттеу мәселелері жөніндегі бөлім бастығы, қазақстандық дипломат Асқар Мусинов сөз сөйлеп бағдарламаның ашылуын жасады. 

Ғалымқайыр Мұтанов өз баяндамасында ұлттық университеттің БҰҰ деңгейіндегі мәселелерді шешуде өте белсенді үлес қосып жатқанына тоқталды. Атап айтсақ, БҰҰ-ның тұрақты даму аясындағы 17 мақсатты іске асыру мәселесі бойынша универстетімізде Пан Ги Мун тұрақты даму институты АҚШ-тың Колумбия Университетімен бірге жұмыс жасап келетіні ерекше атап өтілді. Бұл институт студенттермен, магистранттармен және докоранттармен тұрақты даму тақырыптары негізінде дәрістер мен семинарлар ұйымдастырып, жобалар жасайды. Тағы бір өзекті әрі басты жоба ретінде әл-Фарабидің этикалық нормаларын жастардың санасына сіңіру мәселесін «Қайырымды қоғам азаматтарын қалыптастыру. Қазіргі университеттер миссиясы» жобасы аясында қолға алғанын ректор тілге тиек етті. Ал, Әлібек Бақаев Қазақстан Республикасының көптеген халықаралық іс-шаралардың өтуіне мұрындық болып келе жатқаны сияқты ИЫҰ-ның көптеген іс-шараларын ұйымдастыру және болашаққа бағытталған жобалардың көшбасшылығын жасап жүргендігін айта кетті. Бұл – еліміздің ИЫҰ-ға жай ғана мүше емес, өте белсенді мүшелерінің қатарында өз орнын алатынының көрсеткіші. Бұлардың ішінде ең басты басымдылық терроризммен күресу және зардаптарынан оңалту бағытындағы қадамдары болып табылады. Ол шаралардың бір мысалы ретінде елімізде мемлекеттік грантпен әр салада білім алып жатқан ауғандық студенттерді айтсақ болады.

Сонымен қатар, осы жиын аясындағы бағдарламаны одан әрі қызықты қылған жағы да ғалымдар мен зерттеушілердің терроризм мен экстремизм мәселелеріне жасаған исламтанулық, әлеуметтік-экономикалық және т.б. тұрғыдан нақты деректер мен сауалнамаларға сүйенген баяндамалары болды. ИЫҰ Бас хатшылығы аясындағы Исламофобия Обсерваториясының директоры Доктор Додик Ариянто ислам фобиясы мен әлеуметтік желі, медиа арақатынасын айшықтап берсе, ИҰҰ-ның радикализм мен экстремизмге қарсы  қақтығыстарды шешу  саласындағы SESRIC орталығының басшысы Доктор Фади Абдуллах Фарасин терроризм мәселесінің тарихына тоқтала отырып әлеуметтік, экономикалық және басқа да алғышарттарын түсіндіру арқылы ислам діні мен терроризмның үш қайнаса сорпасы қосылмайтын ұғымдар екенін тағы бір қырынан көрсетіп берді. Ал, Пәкістандағы Синд университетінің ислам құқығы профессоры Санауллах Бутто Ислам дінінің ең басты қайнар көздері болып табылатын Құран мен Сүннеттің ішіндегі «жиһад», «Алла жолында», «кафир» т.б. ұғымдардың теріс интерпретациялауынының нәтижесінде Ислам мен терроризм біріктіріліп әлемдік деңгейде үлкен апаттарға жол ашқанын айтып кетті. Профессор Санауллах Бутто дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы, PhD Жанат Досхожинаға интервью берді, сонымен қатар осы кафедрада исламтану, дінтану, мәдениеттану мамандықтары бойынша білім алып жатқан студенттерге дәріс оқып, студенттердің бірқатар сұрақтарына жауап берді. 

Конференция барысында баяндама жасаған ғалымдардың барлығының тоғысқан түйіні ислам әлеміндегі жайылып кеткен білімсіздік болды. Шындығында, мұсылман елдеріндегі ең үлкен мәселелердің басында білімсіздік орын алады. Бүгінге дейін жасалған әскери операциялар мен басқа да келіссөздерден күткен нәтиже өкінішке орай жеміс бермей отыр. Оларға жұмсалған қыруар қаржы мен еңбектің бәрі далаға кетіп жатқаны белгілі. Сондықтан білімге басты назар аударылу тиіс. Исламды дұрыс оқу, үйрену және үйрету, ғылыми жағынан зерттеу мәселелері отандық мамандардың мойнындағы басты міндет болып тұр. Осы тұрғыда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Философия және саясаттану факультетіндегі дінтану және мәдениеттану кафедрасы ашқан исламтану мамандығы болашақ мамандарды даярлауда өте үлкен рөлге ие және бұл білім ошағына үлкен сенім мен жауапкершілік артылуда. Кафедрамыздың бұл мамандықты ханафи мәзһабының дәстүрлері аясында, зайырлы мемлекетіміздің нормаларымен оқытуы елімізде діни негіздегі түсініспеушіліктер, мәселелердің алдын алады деген сенімдеміз.

Жаһандық мәселелерді шешуде Ислам ынтымақтастық ұйымы сынды әлемдік ұйымдардың өз шараларын Қазақ ұлттық университетінің қабырғасында өткізуі елімізге, университетімізге сенімнің  белгісі екенін атап өткіміз келеді. Мұндай үлкен ауқымдағы, халықаралық маңызы зор іс-шаралар білімнің қара шаңырағында әлі де жалғасын табады деген үміттеміз.

 

 

Құрманалиева Айнұр Дүрбелеңқызы,

дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі, филос.ғ.д., профессор

Жанболат Хумархан, исламтану мамандығының 2-курс магистранты 

Есдәулет Ергелді, исламтану мамандығының 2-курс магистранты

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ислам, конференция, ҚазҰУ, ИЫҰ
Yergeldi YesdauletYergeldi Yesdaulet
2 жыл бұрын 2255
0 пікір
Блог туралы