Әл-Фараби атындағы Ұлттық университетіміздің үкілі үміті - “Исламтану” мамандығында
Әл-Фараби атындағы Ұлттық университетіміздің  үкілі үміті - “Исламтану” мамандығында

Ислам - сан ғасырдан бері тамыры тереңге жайылған әлемдік дін. Ислам сөзі араб тілінен аударғанда “бейбітшілік” деген мағынаны береді, демек Ислам - бейбітшілік пен келісім діні. Ал, Ислам дінінің негізгі қайнар бұлағы ол қасиетті Құран Кәрім екені баршамызға мәлім. Құран Кәрім - адам баласының бақытты әрі барлық нәрсемен үйлесімді өмір сүруі үшін қажетті сырға толы ғажап кітап. Оны оқып түсіну арқылы адам баласы өз көкжиектерін кеңейтіп, әлемді, қоршаған ортаны таниды. Сондықтан осы күнге дейін оны толығымен жаттап, келер ұрпаққа жаттатып, аманат етіп қалдырудың маңызы зор. Сонымен қатар, оның терең мағыналарына көз жүгіртіп, ғибраттары мен өнегелерін бойымызға сіңіру және тыйымдарынан тыйылудың маңыздылығын айтып жатудың өзі артық. Ислам - әдеп-ахлақпен қоса, ғылымға аса мән берген дін. Сөзімізге дәлел ретінде Құран мен Сүннеттегі көптеген ғылыми аяттар мен хадистер арқау бола алады. Мұсылмандардың осы екі қайнар көзді екжей-тегжейлі зерттеулерінің арқасында сан ғасырлардан бері үлкен жетістіктерге жетіп, тарих сахнасынан елеулі орын алған тұлғалардың шыққанын атап өтуге болады. Сол алыптардың ішінен ұлы жерлесіміз, әлемнің екінші ұстазы Әбу Наср әл-Фарабиді тілге тиек етпеу мүмкін емес. Бүгінде дара ойшыл, әйгілі ислам ғұламасының атын иеленіп отырған Қазақ Ұлттық университеті, жоғарыда аталған үрдісті жалғастыра отырып, Исламды сан қырынан танытып, зерделеп зерттеу мақсатында өз төрінен “Исламтану” мамандығын ашып отыр. “Исламтану” - қазіргі уақытта үлкен сұраныс пен өзектілікке ие мамандық. Себебі, тұнық дәстүрлі Ислам мен дін атын жамылған жаңсақ пікірлердің ара-жігін ажырату - нағыз исламтанушы маманның ғана қолынан келетін қасиетті борыш. Сондықтан исламтану мамандығы мен терең діни ілім бүгінгі күніміздің қажеттілігіне айналып отыр. Осы қажеттілікті негізге алып отырған университетіміздің “исламтану” мамандығы сапалы да сан салалы білім беруде. Университет қабырғасындағы осы мамандықты игеру жолында білім қуып жүрген білімгерлерге барынша жан-жақты жағдай жасалған. Олар тек қана берілген мәліметтермен шектелмей, қосымша зерттеулер жүргізе отырып, әрбір жайтқа барынша ой жүгіртіп, терең ұғынуға мүмкіндік алған. Осылайша сан ғасырлар бұрын мұсылмандардан шыққан алғашқы ойшылдардың бірі болған, Ислам ілімі мен философия ғылымын терең ұштастыра білген Әл-Фараби бабамыздың ізінен ерген шәкірттер жетілуде. Олардың болашақта қазақ даласынан тағы да жарқ етіп шыққан “жас Әл-Фарабилер” атанатынына үмітіміз зор. Осы үкілеген үмітіміздің ақталуы мен ұлы мақсатымызға жету үшін университет қабырғасындағы Ислам ілімін жетік меңгертетін осынау мамандықтың маңызы мен рөлі біз ойлағаннан да орасан зор.

 

Құрманалиева Айнұр

ф.ғ.д. профессор

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

философия және саясаттану факультеті,

дінтану кафедрасының меңгерушісі

Есдәулет Ергелді

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

саясаттану және философия факультеті,

дінтану және мәдениеттану кафедрасы

“Исламтану” мамандығының

1-курс магистранты

Әл-Фараби, ҚазҰУ, Исламтану
Yergeldi YesdauletYergeldi Yesdaulet
2 жыл бұрын 1843
0 пікір
Блог туралы