Мемлекет дінге қарсы ма?
Мемлекет дінге қарсы ма?

 Тәуелсіздігімізді алып, елдігімізді айқындағалы әжептеуір есімізді жинап, түрлі жетістіктерге жетіп жатқан жайымыз бар. Сол салалардың бірі дін саласы. 25 жыл ішінде жабылған мешіттерімізді қайта ашып, жаңадан салынған зәулім мешіттерімізді жамағатқа толтырып, бабаларымыздан қалған мәдени және рухани мұраға қол жеткізіп, діни кадрлар, білікті мамандар дайындау арқылы болашақ бағытымызды белгілеп, білім мен ғылымға ден қоя отырып Ислам өркениетіне, қазақы болмысымыз бен дәстүрімізге қайта қауышудамыз.  

 Дегенмен, қазіргі таңда Қазақстандағы діни ахуал халық қамын ойлайтын әрбір азаматты толғандырып жүргенін білеміз. Еліміздегі еркіндікті пайдаланып түрлі дін атын жамылып, секта ашып, қазақтың қара домалақтарын шоқындырып, өз мүдделеріне жетуге емін‑еркін қарекет жасап жатқан миссионерлердің қарасы да азаяр емес. Дін агенттігінің есебі  бойынша қазіргі таңда протестанттық ағымдағы діни ұйымдар саны 3380 екен, бұл дін туралы заңның шығып, кейбір талаптарға сай келмейтіндерінің жабылғаннан кейінгі саны. Ал «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң қабылданар алдында протестанттық тіркелген ұйымдар саны 4450‑ге, 50 лік шіркеулер 400 ге Эвангелия христиан баптистік ұйымдар саны  364 ке жеткен екен. Байқағанымыздай, бұл көрсеткіштер, селқос қарап, бейжай қалдыратын цифрлар емес.

  Ал, мәселенің екінші тұсына тоқталсақ , «уахабилік», «сәләфиттік» ағымдардың да саны күн сайын   арта түсуде. Солардың ішінде «такфир» сынды жамағаттар қоғам тыныштығына ерекше қауіп төндіріп, ұлттық санамызды улауда. «Такфир» дегеніміз — өздерін ғана мұсылман  санап, қалғандарды кәпір деп есептей отырып, оларды өздеріне жау санау. Такфир идеологиясын қабылдардың алдындағы, оттан да ыстық Отанның кәпірлер, жаулар мекеніне айналуы.

  Бұл атап өткен проблемалар дінге, дінді ұстануға қатысты болса, діннен алшақтау, руханияттан ажыраған кейбір жастарымыз тарапынан да жаға ұстарлық жәйттар орын алып жатқанына куә болып жүрміз. Мысал ретінде соның бір-екеуіне тоқтала кетсек:

 Қоғамда белең алып келе жатқан індеттердің бірі ол ел ішінде гейлердің пайда болуы және гей клубтардың ашылуы. Осы мәселе жұрт жанашырларын толғандырып, халық қалаулыларының да мемлекет деңгейінде көтеруі жәйдан жәй емес. Мәжіліс депутаты Алдан Смайылдың жүргізген есептеулері бойынша бір Астана қаласының өзінде 4 гей клуб ашық жұмыс істейтін болса, Алматыда ондай клубтар саны оннан асып жығылады екен. Депутат “Балаларды зиянды ақпарттардан қорғау” жөніндегі заңнаманы талқылау барысында тағы бір мәселенің бетін ашты. Ол СПИД орталығының мәліметтеріне сүйене отырып, елімізде аталған орталықта тіркелген “қызтекелер” саны 240 мыңға жуықтағанын атап өтті. (tengrinews.kz сайтынан)

Тағы бір қоғамдық талқыдан түспей жүрген мәселелердің бірі ол кәмелеттік жасқа толмаған, бесіктен белі шықпаған кейбір қазақ қаракөздерінің тұрмысқа шықпастан жасанды түсік жасатуы немесе босана салып көрінген жерде өз сәбиін тастап кетуі сынды жауапсыздық фактілерінің көптеп тіркелуі. Бұл БАҚ-та, әлеуметтік желілерде қаптап кеткені сонша шыны керек соңғы кезде бұндай жәйттарға аса таң қалмайтын жағдайға да жетіп қалдық.

 Қарап тұрсақ қоғамда шешімін таппай тұрған мәселелер аз емес. Бұл жоғарыда аталған індеттерді қалай емдейміз? Аталған індеттерді жұқтырмағандарға профилактика жұмыстарын қалай жүргіземіз?

  Осының бәріне тойтарыс беру үшін, жоғарыда аталған проблемалардың түйінін тарқату үшін  ұлттық құндылықтарымызбен дәстүрлі Исламды дұрыс әрі жүйелі насихаттаудың алар орны ерекше. Ұлттық құндылықтарымызды, ата дінімізді насихаттау дегеніміз ол рухани жаңғыру, ол өзімізге тән ұлттық кодты қалыптастыру деген сөз. Салт-дәстүр мен Ислам тағылымдары жақын, тіпті егіз ұғымдар деп айтсақ артық айтқандық болмас. Өйткені, екеуінің ажырамас ұғымдар ретінде санамызға терең сіңгенінің көрінісін әдет ғұрпымыздан, жыр дастандарымыздан, одан қалса  күнделікті аузымыздан түспейтін мақал-мәтел мен нақыл сөздерімізден аңғару қиын емес.

  Ислам дінімен ұштасқан қазақ философиясында дүниеге деген көзқарас өте кең және адам табиғатымен етене үйлеседі. Халқымыздың дүние танымын кемеңгер Абай:

“Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті”, - деп суреттейді. Әрбір адамның дара жаратылыс, қайталанбас туынды екенін түсіне отырып Алланы тану, барша адамзатқа құшақ жайып, бауырым деп білу, әділеттілік сынды адами құндылықтарды жоғары бағалау міне осы қазақтың дүниетанымы.

Елбасымыздың шырылдап жүрген рухани жаңғыруының бір тұсы осы қазақы болмысты қалыптастыра отырып, заман көшіне ілесуді былай қойғанда, әлемді өз жетегінде ертіп жүретін оқ бойы озық мемлекеттер қатарына қосылу болып табылады.

 “Егер Исламды насихаттау, еліміздің ұстанған саясатына қайшы болмайтын болса, онда неге мемлекет дінге белгілі бір шектеулер қойып, көптеген жерлерде намазханалар жабылып жатыр?”, “16 жасқа толмаған жастардың ата-анасынсыз мешітке кіруіне тыйым салынады деген заңнаманың шығуы нені білдіреді?” деген сынды орынды сұрақтар туындайды.

   Бұл мәселелерді жеке-жеке талдамас бұрын Мемлекеттің Исламға, жалпы дінге емес экстремизмге, радикализмге қарсы, диструктивті ағымдардың жайылуына қарсы екенін ескергеніміз абзал.

Кейбір намазханалардың жабылуына келсек, әрине намазхандар үшін жүрек қынжылтатын жағдай, алайда осы намазханалардың кейбірінде бақылаудың әлсіздігін пайдаланған жат ағым өкілдерінің емін-еркін өз идеологияларын жаятын орындарына айналды деу бәлкім орынды уәж шығар. Ал, 16 жасқа толмаған жастардың ата-анасынсыз мешітке кіруіне тыйым салынады деген заңнама біріншіден әлі талқылану үстінде, екіншіден, диструктивті ағым өкілдерінің мешіт сыртында тұрып жас жеткіншектерді әңгімеге тартып, бірте-бірте  өз ұстанымдарына баулып алып кетуі мүмкін екенін ескерсек бұл заңнаманың қабылдануын орынсыз деп айту қиын шығар.

Алайда, асыл дініміздің құндылықтарын бойына сіңіруге құлшынған жастар, баласының діни тәрбие алуын қалаған ата-ана бұл заңнама қабылданса не істемек? Жұмыс орнында намаз оқи алмаған қызметкердің жағдайы қалай болмақ? Сондықтан бұл мәселелер әлі де пысықталып, білімді де білікті мамандар тарапынан қайта бір сараптамадан өтіп, екжей-текжейлі қаралуы тиіс екендігі ел ағаларының құлағына шалынып, ел игілігі үшін оң шешімдер қабылданады деген сенімдеміз.

Дәл осы ауыспалы тұста дін жанашырларының, исламтану мамандарының мойнына жүктелген аманаттың жеңіл емес екенін жадымыздан шығармауымыз керек. ҚМДБ-ның жастарға дұрыс бағыт-бағдар көрсетіп, мектеп-университеттермен тығыз байланыс орнатып, бірлесе жұмыс жасауы сынды іс-шаралар кезек күттірмейтін өзектілікке ие деп есептеймін. Сондықтан, әрбір исламтанушы бұл жауапкершілікті сезініп, арбаны да сындырмайтын, өгізді де өлтірмейтін, яғни халықты руханияттан, Исламның тап-таза қайнар бұлағынан сусындаудан мақұрым етпейтін және жастарды жат ағым ықпалынан сақтайтын орта жол тауып, жұрт бірлігінің, ынтымағының кепілдігі үшін қызмет етуі тиіс.

 

     Құрманалиева Айнұр

     ф.ғ.д. профессор

     Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, философия және саясаттану факультеті, дінтану кафедрасының меңгерушісі,

     Есдәулет Ергелді

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, философия және саясаттану факультеті  “Исламтану” мамандығының магистранты;    

Yergeldi YesdauletYergeldi Yesdaulet
6 жыл бұрын 3309
3 пікір
  • Мақала өте маңызды мәселеге арналған, бірақ шешімі берілмеген. Адамның рухани жетілуі зорлықпен, немесе күшпен болмайды. Рухани жаңғыру үшін рухани бостандық керек. Дін мәселесі туралы министрлік не үшін құрылған? Сол бостандыққа жол беру үшін бе? Керісінші, ешқандай шенеунік адамның рухани болмысын көтере алмайды - оның қолынан келетіні тек қана бөгет жасау. Ендеше бұл министірлік рухани жаңғыруға тек қана бөгет жасайды. Министрліктің міндеті дінді ауыздықтау емес, оған дұрыс бағыт беру. Ол үшін діни білім керек. Мемлекеттің міндеті дінге қарсы әрекет емес, оны халықтың рухани жаңғыруына бағыттау. Атеистік заманнан шыққан қазақ сақалың болса жұмысқа алмаймыз, немесе киген киімің біз айқандай болуы керек, десе ел дінді мүлде тастап, діннен қашатын болады. Діннің негізгі мәні киген киім мен сақалға емес, оның ішкі мәні рухани тазалыққа байланысты. Абай бұл туралы 38-сөзінде жақсы түсіндірген. Ғалымдардың міндеті Абай сөзін дұрыс түсініп, оны халыққа дұрыс жеткізу, Сонда ғана діннің негізгі мазмұнын қабылдап, оның пайдасын көруге болады. Әйпесе Абай сөзімен айтқанда дін бек шетін жол, дұрыс қолдана білмеген құрал көп зиян әкеледі.
    6 жыл бұрын
  • Сол такфиршілер мешіттерде отырған сияқты. Себебі мешіт Имамдары өздерінен басқалардың бәрін адасқандар , сәләфтәр , уәхиббисшылар экстремистер айыптайды. Біз Абу Ханафи масхабымен намаз оқимыз, Имамға уймыз, тыңдаймыз, қазақтың шариғатқа қарсы келмейтін барлық адеп ғұрыптарын ұстанамыз, қолымызды жайып дұға жасаймыз, бетімізді сыйпаймыз. Бірақ ақидамыз аспанда ҚҰДАЙ ЖОҚ дейтін матрудия емес , біз ата бабамыз ұстанған Әһли Сүннетпен жүреміз , ал олар бір ауыздан Аллаһтың аршының үстіне көтерілгеніне иман келтіреді. Себебі:

    Әбу Ханифаның «әл-Фиқһ әл-Әкбар» кітабының 60 бетінде және әл-Бәйһақидың «әл-Әсмә уә ас- Сифат» кітабының 456 бетінде мынадай дерек келтірілген; Әбу Ханифадан Аллаһтың төменгі (ән-нузул) аспанға түсуі туралы сұралғанда, ол былай деген; «Аллаһ төменгі аспанға түседі және бұл жөнінде қалай деп сұралмайды».

    Хафиз әл-Бәйһақидың «әл-Әсмә уә ас-Сифат» кітабында тағы мынадай дерек келтірілген :

    «Әбу Ханифадан бір әйел; ″Сенің сиынатын тәңірің қайда?″ деп сұрағанда, ол; ″Ақиқатында Пәк және Жоғары Аллаһ аспанда″ деп жауап берген. «әл-Фиқһ әл-Әбсат» кітабының 51бетінде Әбу Ханифаның; «Аллаһтан ду’а қылып сұрағанда тек, жоғарыдан (аспаннан) сұралады. Өйткені төмен жақ Оның рубубиясы мен улухиясына қатысты емес» дегені келтіріледі. Бұл сөздің жаны бар, дұға қылғанда ешкім несіне қолын төмен созбай, жоғарыдан сұрайды. «Мәсәил имам әл-Ахмәд» кітабының 263 бетінде Әбу Дәуд, Абдуллаһ бин Нәфидың былай дегенін жеткізеді; «Имам Мәлик айтты; Аллаһ аспанда, ал Оның ілімі барлық жерде».(Яғни Аллаһ аспанда және жаратылыстарын шексіз, толық қамтиды)

    Ханафи мәзһәбының ақида ғұламасы, шейх Ибн Ибн Әбил Изз әл-Ханафи өзінің «Шарх Ақидатут Тахауиә» кітабында былай дейді;

    «Исра хадисінде, пайғамбар саллаллаһу аләйһи уәссәләм денесімен сергек жағдайда Меккедегі Мәсджид әл-Харамнан Қуддустағы Мәсджид әл-Ақсаға Буракқа мінгізіліп, Джәбрәил аләйһиссәләммен бірге алып барылды. Сол жерде пайғамбарларға имам болап намаз оқыды. Бурақты мешіттің есігіне байлады. Содан кейін сол түні Бәйтул Мақдистен бірінші аспанға көтерілді. Бұл берекелі түн туралы Аллаһ Елшісінен саллаллаһу аләйһи уәссәләм жеткен барлық сахих хадистер шындық. Миғраж хадисінде ақылды кісілер үшін Аллаһтың Ұлық сипаты туралы дәлелдер бар». (Яғни, Аллаһтың аршының үстіне көтерілуі, барша жаратылыстарынан Жоғарылығы, Ұлық екендігі).

    Ханәфий мәзһәбының ақида ғұламасы шейх Әбу Джаъфар ат-Тахәуи әл-Ханәфи былай дейді: Аллаһ Та’алә Аршыға және одан басқа ешнәрсеге мұқтаж емес. Ол барлық нәрсені қамтушы және барлығынан биік орналасқан аршының үстінде. Аллаһ Та’алә жаратылыстарды Өзін қамтуға дәрменсіз қылып қойды (жаратылыстар Аллаһты біле алмайды).

    Шейх Ибн Әбил Изз әл-Ханәфи бұл сөзді былай түсіндіреді;
    Аллаһ аршыны оған мұқтаж болғаны үшін емес, оған көтерілу үшін жаратты.
    Мұнда Аллаһтың хикметі бар. Сол хикметке сәйкес Ол аршыға көтерілді.
    6 жыл бұрын
  • Біз Құран, Хадистердегі Алланың өзі турасында берген сипаттарына қалай? неге деген сұрақ қоймастан Иман келтіреміз. біреулер ойлағандай Құдайға мекен бермейміз.
    6 жыл бұрын
Блог туралы